Университет ректоры Жанар Темірбекова бастаған оқу орнымыздың ғалымдары Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Айтулы жиында мемлекеттік органдар мен шетелдік ғылым академияларының басшылары, Академия мүшелері, жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары, халықаралық әріптестер мен жас зерттеушілер де басқосты.
80 жылдық белес – отандық ғылымның жетістіктерін саралап, оның даму жолына көз жүгіртетін маңызды кезең. Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен 1946 жылы негізі қаланған Академия осы уақыт ішінде іргелі ғылыми мектептердің қалыптасуына және бірнеше буын отандық ғалымдардың өсіп-жетілуіне жол ашты. Мерейтойға арналған халықаралық жиын тарихи сабақтастықты сақтай отырып, ғылымды жаңа технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыруға және Қазақстан ғылымының келешек бағдарын айқындауға арналды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған арнайы Құттықтау хатын оқып берді.
Айта кетейік, басқосуда қатысушыларға Академияның негізгі жетістіктері мен отандық ғылымның даму кезеңдерін қамтитын мультимедиалық таныстырылым ұсынылды. Сонымен қатар, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасы көрсетілді.
Бұл жиынға университетіміздің негізін қалаушылардың бірі, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясын басқарған академик Мұрат Жұрынов та қатысты. Мерейтой аясында ол Ясауи университетінің атынан қатысқан жас ғалымдармен жүздесті.
Ал, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ғылыми қызметті ұйымдастырудың жаңа тұжырымдамасын таныстырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, ғылым мен өндіріс байланысын нығайту және ғылыми жаңалықтарды экономиканың нақты секторына енгізу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, ғылыми басымдықтарды айқындау, жасанды интеллектті зерттеу жұмыстарына енгізу мен елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру бағытындағы міндеттер таныстырылды.
Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттары табысталды. Отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдарды алғаш рет «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапаттады. Марапаттау рәсімі ғылыми жетістіктерді дәріптеуге, отандық ғалымдардың еңбегін бағалауға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға және отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген барша ғалымдар мен ғылыми ұйымдарды құттықтаймыз! Ғылым жолындағы ізденістеріңіз жемісті болсын!