❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЯСАУИ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ ПАРАСАТТЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК: 6 УНИВЕРСИТЕТ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРГЕН АЙМАҚТЫҚ СТУДЕНТТЕР ФОРУМЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 24.11.2026
  • KZ
  • 108

image

Оқу ордамызда «Ясауи философиясындағы парасаттылық пен ізгілік» тақырыбындағы екі күндік аймақтық студенттер форумы өз мәресіне жетті.

Оңтүстік өңірдегі 6 жоғары оқу орнының белсенді жастарын біріктірген басқосудың екінші күні қатысушылардың көшбасшылық дағдыларын нығайту мақсатында ұйымдастырылған «LEADERSHIP» ойынынан басталды. Үш кезеңнен құралған командалық сайыс барысында жастар түрлі тапсырмаларды орындап, стратегиялық ойлау, шапшаң шешім қабылдау, күрделі жағдайлардан тиімді жол табу және топпен бірлесе әрекет ету қабілеттерін көрсетті.

Ойын қатысушылардың ұйымшылдығы мен өзара қолдауын арттырып, көшбасшылық қасиеттерін тәжірибе жүзінде сынауға мүмкіндік берді.

Келесі кезекте, «Құндылықтар сабақтастығы және жастар бастамалары» атты университетаралық тәжірибе алмасу алаңы өтті.

Аталған алаңның мақсаты – жоғары оқу орындарының «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бағыттарындағы озық тәжірибесі мен үздік студенттік жобаларын ортаға салу, бірлескен бастамаларды талқылау.

Жиын барысында қатысушылар өздері әзірлеген жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен Абай ілімін сабақтастыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, заң мен тәртіп , қайта өңдеу, жастар ұйымдарының жұмысын дамыту және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамаларды ұсынды.

Жобаларды таныстыру барысында студенттер өз идеяларын ортаға салып, жүзеге асыру жолдары мен болжамды нәтижелері туралы баяндады. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және жастардың тың бастамаларына қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Кездесу соңында студенттік жобаларын таныстырған белсенді жастар мен олардың жетекшілерін марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды университетіміздің Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов табыстады.

Одан әрі форум «YASAWI QUIZ» интеллектуалды ойынымен жалғасты. Танымдық сайыс барысында қатысушылар білімдері мен тапқырлықтарын сынап, түрлі сұрақтарға жауап беру арқылы өзара білім сайысына түсті. Ойын жастардың зияткерлік әлеуетін дамытып, бір ортада еркін қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.

Айта кетейік, форумның алғашқы күні TEDx форматындағы кездесулерден басталып, жасанды интеллект философиясы мен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, «Болашақ көшбасшысы: адал еңбек, терең білім және берік ұстаным» және «Таза Қазақстан»: экологиялық мәдениет және ортақ кеңістік» тақырыптарында секциялық отырыстар мен шеберлік сағаты өтті.

Ал пленарлық отырыста Қожа Ахмет Ясауи мұрасындағы рухани-адамгершілік құндылықтар, Абайдың «Толық адам» ілімі, конституциялық құндылықтар мен жастардың азаматтық жауапкершілігі кеңінен сөз болды.

Бұдан бөлек, форум қонақтары университет кампусымен танысып, «Актерлік өнер» мамандығы студенттері әзірлеген қойылымды тамашалады.

Екі күнге жалғасқан форум рухани мұра мен заманауи жастар бастамаларын ұштастырған мазмұнды диалог алаңына айналды. Басқосу қатысушылардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға, азаматтық ұстанымын нығайтуға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты.