❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯСЫ: ҒАЛЫМДАР ҮШ ЖЫЛДЫҚ КӨЛЕМДІ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕСІН ЖАРИЯЛАДЫ

  • 22.11.2026
  • KZ
  • 24

image
Әлемнің түрлі архивтері мен кітапхана қорларынан табылған 200-ден астам тарихи карта, 4 ғылыми монография, 115 картаны қамтитын тарихи атлас және 170-тен астам картографиялық деректі біріктірген цифрлық платформа. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырған «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасы барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдар іргелі нәтижелерге қол жеткізді. Зерттеу жұмыстары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен 2023–2025 жылдары жүргізілді.
 
Үш жылды қамтыған зерттеу қорытындылары ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен «Орталық Азияның тарихи географиясы: ғылыми монографиялар, тарихи атлас және интерактивті карта платформасының таныстырылымы» атты ғылыми іс-шара барысында ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.
 
Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты.
 
Аталған ғылыми іс-шараны Ұлттық ғылым академиясы мен университеттің Еуразия ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды.
 
Зерттеудің басты мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи-географиялық кеңістігін кешенді зерделеу, көне картографиялық деректерді ғылыми айналымға енгізу және тарихи мұраны заманауи цифрлық технологиялар арқылы зерттеу.
 
Іс-шараның ашылу бөлімінде университет ректоры Жанар Темірбекова модератор болып, жобаның ғылыми және қоғамдық маңызына тоқталды. Ол тарих, география, археология және картография салаларын тоғыстырған зерттеудің өңірдің тарихи жадын, мәдени бірегейлігін және тарихи кезеңдердегі саяси-әлеуметтік үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
 
Сондай-ақ университет ректоры ғылыми зерттеу нәтижелерінің төрт монография, тарихи атлас және интерактивті карта платформасы түрінде нақты ғылыми өнімдерге айналуын маңызды жетістік ретінде бағалап, жобаға атсалысқан ғалымдар мен мекемелерге алғыс білдірді.
 
Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев және ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Али арнайы құттықтау хаттарын жолдады.
 
Сонымен қатар ашылу салтанатында Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капучу, университет Өкілетті кеңесінің төрағасы профессор, доктор Хусейн Караман, Ұлттық ғылым академиясы төрағасының орынбасары Абай Серікұлы, Ғылым ордасының бас директоры Нұрлан Сейдин және Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.
 
Бұдан әрі ғылыми зерттеудің нәтижесінде жарық көрген төрт монография мен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атласының салтанатты таныстырылымы және лента қию рәсімі өтті.
 
Ғылыми жұмыс барысында АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің архивтері мен кітапхана қорларында сақталған XI–XX ғасырларға жататын 200-ден астам тарихи карта анықталып, жүйеленді. Зерттеушілер араб-мұсылман, түркі, қытай, моңғол, еуропалық және орыс картографиясына қатысты деректерді тарихи жазба ескерткіштермен, археологиялық материалдармен және географиялық мәліметтермен салыстыра талдады.
 
Бұл жұмыстар әртүрлі тарихи кезеңдердегі қазақ даласы мен Орталық Азияның аумақтық ерекшеліктерін, елді мекендер мен сауда жолдарының орналасуын, жер-су атауларының қалыптасуы мен өзгеруін тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
 
Ғылыми бағдарламаның негізгі нәтижелерінің бірі – тарихи географияның өзекті мәселелерін қамтитын 4 монографияның жарық көруі.
 
Алғашқы еңбек – «IX–XV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақтың тарихи географиясы (араб деректері бойынша)». Авторлар Зибагүл Ильясова мен Мендігүл Ноғайбаева ортағасырлық араб дереккөздеріне сүйене отырып, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы тарихи елді мекендерді, сауда жолдары мен географиялық атауларды қарастырған.
 
Екінші монография – «Historical Geography of Qazaqia and Central Asia between 18th–19th Centuries». Нұрлан Кенжеахметтің авторлығымен жарық көрген еңбекте XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи карталарда бейнеленуі зерттеледі. Сонымен қатар картографиялық деректердегі «Қазақия» атауына қатысты мәліметтер ғылыми тұрғыдан зерделенген.
 
Үшінші еңбек – «Орталық Азияның тарихи топонимдерінің географиялық негіздері». Авторлары Күләш Қаймулдинова, Шахислам Лайсханов және Думан Әлиасқаров тарихи жер-су атауларын географиялық ортамен, мәдени ландшафтпен және дәстүрлі өмір салтымен сабақтастықта қарастырған.
 
Төртінші монография – «Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан қалалары мен елді мекендері (Орталық Азияның тарихи географиясы туралы зерттеулер)». Мұхтар Қожа авторлығымен жарық көрген зерттеуде Қазақстанның тарихи қалалары мен елді мекендері, урбанизация үдерістері және сауда байланыстары тарихи география тұрғысынан талданған.
 
Жоба аясында әзірленген маңызды ғылыми өнімдердің бірі – «Орталық Азияның тарихи географиясы» атласы. Қазақ және ағылшын тілдерінде дайындалған басылымда XI ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын 115 тарихи карта және олардың ғылыми түсіндірмелері бар.
 
Атлас өңірдің тарихи-географиялық дамуын, саяси шекаралардың өзгеруін және әр кезеңдегі картографиялық танымның қалыптасуын салыстырмалы түрде зерттеуге жол ашады.
 
Сонымен қатар жоба аясында географиялық ақпараттық жүйелер (GIS) негізінде «Орталық Азияның тарихи географиясының интерактивті ғылыми картасы» әзірленді. Цифрлық платформаға 170-тен астам тарихи карта енгізілген. Оның интерактивті уақыт шкаласы XI–XX ғасырлар аралығында Орталық Азия аумағында өмір сүрген 40-қа жуық мемлекет пен саяси құрылымның аумақтық өзгерістерін бақылауға мүмкіндік береді.
 
Бұл платформа арқылы тарихи карталарды қазіргі географиялық кеңістікпен салыстыруға, әр кезеңдегі саяси шекаралар мен елді мекендердің орналасуын зерделеуге болады.
 
Тарихи атластың мазмұны мен ғылыми ерекшеліктерін Алмас Жүнісбаев, ал интерактивті карта платформасының мүмкіндіктерін Өмірбек Қанай таныстырды.
 
Айта кетейік, ғылыми бағдарламаның нәтижесінде қазақстандық және халықаралық ғылыми басылымдарда 30-ға жуық мақала жарияланып, Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен екі халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді.
 
Жобаның басты ерекшелігі – тарих, археология, география, картография, топонимика, деректану және ақпараттық технологиялар салаларындағы зерттеушілердің пәнаралық ынтымақтастығы.
 
Зерттеу нәтижелері Қазақстанның тарихи-картографиялық мұрасын жүйелеуге, ұлттық тарихтың деректік негізін кеңейтуге және Орталық Азияның ортақ тарихи кеңістігін тереңірек тануға мүмкіндік береді.