❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЖОЛДАУДАҒЫ МІНДЕТТЕР – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ

  • 12.11.2026
  • KZ
  • 61

image

Оқу ордамызда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық жұмыс тобының Ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді талқылау, олардың өңіріміз үшін маңызын айқындау және жүзеге асыру жолдарын қарастыру.

Жиынның модераторы – университет ректоры Жанар Темірбекова. Ал, ҚР Құрылтайының депутаты - «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Дустлик» өзбектердің этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев спикер ретінде өз баяндамаларын оқыды.

Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «28 қазан күні дәл осы залда Президентіміздің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын тыңдаған едік. Бүгінде ондағы міндеттерді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық топтар өңірлерде кездесулер өткізуде.

Университетіміз – түркі әлемі жастарының ортақ білім мен ғылым ордасы. Оқу орнының ұжымы еліміздегі саяси реформаларды қолдап, олардың жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді. Бүгін де студенттеріміз, ғалымдарымыз бен әріптестеріміз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген маңызды бастамалар мен негізгі міндеттердің мән-маңызын талқылау үшін бас қосты», – деді


Келесі кезекте, ҚР Құрылтайының депутаты - «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы: «XXI ғасыр – бәріміз үшін аса жауапты тарихи кезең. Президенттің Жолдауды «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп атауы да тегін емес. Құрметті жастар – осы жаңа тарихи кезеңнің құрушылары, болашақта ел басқаруға, түрлі саланың дамуына үлес қосатын сіздер. Сондықтан, бұл Жолдау ең алдымен сіздерге арналған.

Жолдаудағы негізгі міндеттердің бірі – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Бұл ретте жалпыұлттық құрылыс ұғымының маңызы зор. Құрылыс дегеніміз тек ғимарат салу емес, ол – елді бірге дамыту, ортақ мақсатқа жұмылу. Әрқайсымыз өз саламызда еңбек етіп, біліміміз бен тәжірибемізді ел игілігіне бағыттауымыз керек. Біздің бірлігіміз, біліміміз бен жасампаздығымыз – ел болашағының берік негізі», – деді.

Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Дустлик» өзбектердің этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Абдулла Исматуллаев өз сөзінде жастарды батыл бастама көтеріп, жаңа идеяларын жүзеге асыруға шақырды. Ол Қазақстанның жасанды интеллект пен IT салаларын дамытуда үлкен мүмкіндіктерге ие екенін атап өтіп, бұл бағытта жастардың білімі мен әлеуетін тиімді пайдалану маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол жетістікке жету жолында қиындықтар мен қателіктерден қорықпай, алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылу қажет екенін айтты. Жастарды өз күшіне сенуге, команда құрып, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова өз сөзінде жастардың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда үздіксіз дамуына барлық мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Аграрлық саланың ел экономикасындағы маңызына тоқталып, оны заманауи технологиялар арқылы дамыту қажеттігін жеткізді.

Ауыл шаруашылығын өркендету тек ауыл мамандарына ғана емес, экономистер, заңгерлер, менеджерлер мен өзге де білікті кадрларға байланысты. Осы ретте жастарды ауылдық аймақтарда еңбек етуге шақырды.

Сонымен қатар, шикізат экспортынан дайын, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу, астықты терең өңдеу және халықаралық нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығару бағытындағы міндеттерге тоқталды.

«Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздегі су ресурстары тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударып, суды тиімді әрі үнемді пайдалану, су шығынын азайту және суармалы егіншілікке заманауи технологияларды енгізу міндетін қойды.

Осы бағытта жаңа Су кодексі қабылданып, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69 миллион текше метр болатын екі су қоймасының құрылысы қолға алынған. Суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын цифрландыру жұмыстары жалғасуда.

Алдағы уақытта суды қайта пайдалану жүйесін дамыту, су ресурстарын есепке алуды жетілдіру және ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін толық іске қосу көзделіп отыр. Мұның барлығы еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Кездесу соңында Жолдауда белгіленген экономикалық, әлеуметтік, аграрлық және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы міндеттер кеңінен талқыланды. Спикерлер жастардың ел дамуына қосатын үлесіне, сапалы білім мен кәсіби біліктіліктің маңызына ерекше тоқталды. Жиын қатысушылары өзара пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.