❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

HORIZON EUROPE: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ГРАНТТАР МЕН ӨНЕРКӘСІПТІК ИННОВАЦИЯЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

  • 10.11.2026
  • KZ
  • 100

image

Университетімізде «Horizon Europe: ғылым мен өндіріс интеграциясының халықаралық мүмкіндіктері» атты семинар өтті.

Жиынға оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар, жас ғалымдар және ғылыми жобаларға жауапты мамандар қатысты.

Ал спикерлер қатарында PhD, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Horizon Europe бағдарламасы бойынша «Кластер 4: Цифрлық технологиялар, өнеркәсіп және ғарыш» бағытының Ұлттық байланыс пунктінің өкілі, өнеркәсіптік технологияларды бейімдеу жөніндегі тәуелсіз сарапшы Айжан Самамбаева мен  PhD, Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ҒЗИ директоры Шерзод Курбанбеков пен Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тулкинжон Гаипов болды.

Айта кетейік, Horizon Europe – Еуропалық Одақтың 2021–2027 жылдарға арналған ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдауға бағытталған халықаралық қаржыландыру бағдарламасы. Бағдарлама ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге гранттық қолдау көрсетеді.

Семинардың мақсаты – Horizon Europe бағдарламасы аясындағы халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктерін таныстыру, еуропалық ғылыми консорциумдармен ынтымақтастық орнату тетіктерін қарастыру, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді технологиялық трансфер және коммерцияландыру арқылы өндірістік процестерге енгізу бағыттары бойынша ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсету.

Жиынды Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева ашып берді. Ол семинар жұмысына сәттілік тілеп, қатысушылар үшін берері мол ақпараттық алаң боларына сенім білдірді.

Келесі кезекте, Шерзод Курбанбеков пен Тулкинжон Гаипов «Зертханадан өндіріске дейін: Шикізатты инновациялық өңдеу, критикалық материалдарды қалпына келтіру және өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату технологиялары» атты жобаларының өтінімі бойынша кеңінен ақпарат берді.

Ал Айжан Самамбаева «Еуропалық гранттан өнеркәсіптік нәтижеге дейін» тақырыбында баяндама оқыды.

Семинар барысында Horizon Europe бағдарламасы аясында халықаралық гранттық өтінімдерді әзірлеу, еуропалық ғылыми консорциумдарға қатысу, әлеуетті серіктестерді тарту және ғылыми жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланды. Сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді технологиялық трансфер және коммерцияландыру арқылы өндіріске енгізу жолдары қарастырылды.

Басқосу қорытындысында қатысушылар халықаралық ғылыми жобаларға қатысу және оларды қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде нақты ұсыныстар алды. Сонымен қатар, гранттық өтінімдерді әзірлеу мен ұсыну бойынша алдағы іс-қимыл бағыттарын анықтады.