Оқу ордамыздың Спорт–сауықтыру орталығының бапкері мен студенттеріміз өткен аптада бірқатар халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті.
6-8 қараша күндері Ташкент қаласында самбодан әлем чемпионаты өтті. Жауынгерлік самбо бойынша сынға түскен университет студенті Нұрила Асанқызы 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұдан бөлек, Спорт–сауықтыру орталығының бапкері Жадыра Пайыз 50 келі салмақ дәрежесінде екінші орын иеленді. Спортшылардың бапкері – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абсадық Халиллаев.
Сонымен қатар, 30 қазан мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында ерлер мен әйелдер арасында бокстан ҚР чемпионаты өтті. Спорт бәсекесінде университет спортшылары жүлделі орынға ие болды. Атап айтқанда, 75 келі салмақ дәрежесінде Шұғыла Нәлібай чемпион атанса, 51 келіде Томирис Мырзақұл қола жүлдегер атанды. Ал, 75 келіде Аман Қонысбеков пен 80 келіде Өнер Сейлхан күміс медаль иеленді. Спортшыларымызды Спорт–сауықтыру орталығының аға бапкері Еркебұлан Купесов дайындады.
Ал, 4-7 қараша аралығында Алматы қаласында ересектер арасында таеквондодан ҚР чемпионаты өтті. Аталған жарыста университет студенттері Нұрасыл Сағындық 54 кг салмақта және Мақсат Орынбасар 74 кг салмақта күміс медаль жеңіп алды. Спортшыларды халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ренат Құралбаев жаттықтырады.
Әлемдік және республикалық деңгейде жеңіске жеткен спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың жетістігі құтты болсын! Алдағы сайыстарына сәттілік тілейміз!