❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

АКАДЕМИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ВИЦЕ-РЕКТОРЫНЫҢ 1-КУРС СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСУ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

  • 02.11.2026
  • KZ
  • 79

image
Бүгін университетіміздің жылдағы дәстүріне сай, Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова бастаған Академиялық департамент мамандарының 1-курс студенттерімен кездесу апталығы басталды.
 
Жиынның мақсаты – университеттің академиялық саясаты мен ережелерін, стратегиялық жоспарларын, оқу орнының құндылықтарын білім алушыларға жан-жақты таныстыру.
 
Кездесу барысында вице-ректор Эльмира Идрисова бастаған бөлім мамандары 1-курс студенттеріне университетіміздің миссиясы мен мұратын, стратегиялық мақсаттары мен басым бағыттарын түсіндірді. Сондай-ақ, 2026-2027 оқу жылының академиялық күнтізбесін таныстырды.
 
Білім берудегі негізгі құндылықтар сапа, адалдық, ашықтық, әділдік, жауапкершілік және инновацияға ұмтылыс туралы айта келе, студенттерге академиялық адалдық қағидалары, оқу үдерісіндегі тәртіп пен жауапкершілік, бағалау жүйесі және академиялық ережелер бойынша толық ақпарат берді.
 
Сонымен қатар, академиялық адалдықты сақтау білім сапасының негізгі көрсеткіші екенін атап өтті. Сессияның өту тәртібі, өндірістік іс-тәжірибеден өту талаптары, бағалау жүйесі сияқты маңызды бағыттарды да қамтыды.
 
Жиында білімгерлер академиялық ұтқырлық, тілдік деңгейді арттыру, Түркия Республикасына бару сынды университеттің мол мүмкіндігімен танысты.
 
Айта кетейік, биыл университетіміз Академиялық адалдық лигасына қосылды. Академиялық адалдық лигасы – бұл Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірлестігі. Лиганың миссиясы – академиялық адалдықтың он негізгі қағидасын алға жылжыту және жүзеге асыру арқылы елдегі білім беру сапасын ілгеріту және дамыту.
 
Жиын соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті бөлімдер мен қызметтер туралы қосымша мәлімет алды.
 
Осылайша апталық кездесудің алғашқы күні білім алушы 1-курстар үшін жаңа ортаға бейімделуіне, оқу ордамызда білім алудың маңызын терең түсінуіне, жауапкершілікті сезінуіне ықпал етті. Алдағы уақытта кездесу апталығы өзге де факультеттердің студенттерімен өткізіледі.