❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ӨЗГЕРМЕЛІ ӘЛЕМДІК ТӘРТІП ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ КОНСУЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 02.11.2026
  • KZ
  • 63

image

Университетімізде Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гүржанның қатысуымен «Өзгермелі әлемдік тәртіп жағдайындағы консулдық қызмет» атты семинар өтті. Басқосуды Экономика және басқару факультетінің Халықаралық қатынастар кафедрасы ұйымдастырды.

Басты мақсат – студенттердің консулдық қызмет туралы теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру және мамандықтың қыр-сырын тікелей өкілетті тұлғадан тыңдауға мүмкіндік беру.

Жиынды ашып берген Ректор өкілі Пейами Баттал оқу ордамызға өз тәжірибесін бөлісуге арнайы уақыт бөліп келген Левент Гүржанға алғыс айтты.

Кездесу барысында Левент Гүржан осы саладағы 30 жылдан астам кәсіби тәжірибесін бөлісіп, консул болудың үлкен жауапкершілікті, жан-жақты білім мен жоғары кәсібилікті талап ететінін жеткізді.

Семинар барысында Бас консул өз қызметінің негізгі міндеттері, жұмыс бағыттары мен ерекшеліктері туралы жан-жақты баяндады. Шетелде жүрген азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, құжаттарын жоғалтқан жағдайда көмек көрсету, құқықтық қолдау ұсыну, азаматтардың білім алуына және өзге де мәселелеріне қатысты өтініштерін қарау секілді қызмет түрлеріне тоқталды.

«Бас консул мен консулдық қызметкерлері өздері тағайындалған мемлекеттің заңдарын құрметтеуге және сол елдің талаптарын сақтауға тиіс. Сонымен қатар, өз отандастарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті. Консул көмек сұрап келген отандасына құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, әлеуметтік қолдау көрсетіп, тіпті туысындай жанашырлық танытып, заң аясында қолдау көрсетуі керек.
Болашақта консул болуды қалайтын студенттерге айтар кеңесім бар. Ең алдымен, бұл қызметте тіл білудің маңызы зор. Бір тілді меңгеру – осы жолдағы алғашқы қадам. Сондай-ақ, құқық саласында терең білімі болуы қажет. Өз елінің ғана емес, қызметке тағайындалған мемлекеттің де заңдарын білуі тиіс. Консул қызметі күрделі әрі дағдарысты жағдайларда сабыр сақтап, жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Консулдыққа көмек сұрап келетін адамдар көп. Олардың әрқайсысына қол ұшын созу – біздің басты міндетіміз. Ең бастысы, туған елің артқан сенімді ақтай білу қажет»,-деді Бас консул.

Сондай-ақ, ол, жастарды университет қабырғасында берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, үнемі ізденуге, шет тілдерін меңгеруге және шетелдік достар табуға шақырды.

Жиын соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, консул қызметінің практикалық қырлары туралы мол мағлұмат алды.