❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

КӨРІКТІ КАМПУС – КӨҢІЛГЕ КӨКТЕМ СЫЙЛАЙДЫ

  • 30.10.2026
  • KZ
  • 39

image
Университет басшылығының қолдауымен оқу ордамыздың кампус аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оқу орда ұжымы мен студенттеріне жайлы орта қалыптастыруды, университет аумағын көркейтіп, оның эстетикалық келбетін жақсартуды көздейтін игі бастамалар оқу ордамыздың күнделікті тыныс-тіршілігімен үндеседі.
Жаз айларында қураған шөп басып, шаң көтерілетін аумақтарды көгалдандыруға қажетті құрал-жабдықтар алынып, көркейту жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, баскетбол, волейбол, футбол және үлкен теннис алаңдарының айналасына көгал төселіп, аумаққа тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Бұл істерді Шаруашылық департаментіне қарасты Көгалдандыру бөлімінің қызметкерлері біріге атқарды. Соның нәтижесінде бұрынғы спорт алаңдарының маңы жайқалған жасыл желекке бөленді. Бұл орындар студенттердің спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне де қолайлы жағдай қалыптастырды.
Сонымен қатар, университет басшылығының қолдауымен №1, №2 оқу ғимараттары мен Мәдениет орталығының алдындағы гүлзарларға көпжылдық раушан гүлдері егілді. Шаруашылық мамандары соңғы жылдары қаланың климаттық жағдайына төзімді гүл түрлерін зерттеп, таңдауға басымдық берді. Бүгінде гүлзарларда раушан гүлдері жайқалып, кампус аумағына ерекше сән беріп тұр. Тіпті жаздың аптап ыстығында да қызметкерлер гүлдерге ерекше күтім жасап, қураудан сақтап, арнайы қоректік дәрумендермен қамтамасыз етті.
Алдағы уақытта да көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, келесі жылы №3 оқу ғимаратының алдындағы аумаққа раушан гүлдерін егу жоспарланып отыр.
Аталған жұмыстарға бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі мен көгалдандыру шараларының сапалы орындалуы – жауапты мамандардың жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Көк күмбезі көк аспанмен таласып тұратын әсем кампусымыз бүгінде көздің жауын алар гүлдерге бөленген. Күздің салқын желі мен ызғары болса да, түрлі түсті гүлдер, көгал мен алтын жапырақтың сылдыр үні ескен аллея аумақтары көңілге көктем ұялатады. Көз бен көңілге жылу сыйлап, Ясауи шаңырағының көркін сақтап жүрген барша қызметкерге алғыс айтамыз!