❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ  ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

  • 29.10.2026
  • KZ
  • 80

image

Оқу ордамызда Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті.

Қазақстанмен тарихи әрі рухани байланысы терең, бауырлас Түркия елі — бүгінде әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекеттердің бірі. 1923 жылғы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен Түркия Республикасы жарияланды. Содан бері бұл күн түрік халқының тарихындағы маңызды белеске айналып, елдің тәуелсіздігі мен бірлігін дәріптейтін айтулы күн ретінде ерекше мәнге ие.

Айтулы жиын Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің және оның майдандастарының, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігі үшін жан кешкен шейіттердің рухына тағзым етіп, үнсіздік сақтау рәсімінен басталды. Жиналған көрермен қауым Қазақстан мен Түркияның әнұранын шырқады.

Іс-шараны ашып беру үшін бейне құттықтау жолдаған Өкілетті Кеңес төрағасы Хүсейін Караман: «Республикамыздың негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктен бастап, тәуелсіздігіміз бен жарқын болашағымыз жолында күрескен, ғасырлар бойы қасиетті жерімізді қанын төгіп, жанын пида ету арқылы бізге Отан етіп қалдырған батырларымызды құрметпен еске алып, рухтарына тағзым етемін.

Түркия Республикасы – халқымыздың ең қиын кезеңдердің өзінде тәуелсіздігі мен бостандығынан ешқашан бас тартпаған қайсар ерік-жігерінің жемісі. Сонымен қатар, ол – мемлекеттілігіміздің терең тамыры мен тарихи тәжірибеміздің заманауи әлемдегі көрінісі.

Біздің міндетіміз – тарихымыздың даңқты мұрасынан күш ала отырып, болашақтың мүмкіндіктерін батыл пайдалану. Ғылым, білім, мәдениет және ой-сана салаларында жаңа көкжиектер ашып, жас ұрпаққа әл-ауқаты жоғары, қуатты әрі жарқын болашақ қалдыруымыз керек»,-деді.

Келесі кезекте,  Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан: «Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекені Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шаңырағы астында сіздермен бірге атап өту мен үшін үлкен мәртебе, әрі зор қуаныш. Барша отандастарымды Республика күнімен құттықтаймын! Бүгінгі ұлттық мерекеміздің қуанышын бізбен бірге бөлісіп отырған қазақ және түркі әлеміндегі достарымызға алғысымды білдіремін»,-деді. 

Ал, ректор өкілі Пейами Баттал: «Бүгін біз тек мемлекеттің құрылған күнін мерекелеу үшін ғана емес, тәуелсіздіктің, бостандықтың және жарқын болашаққа деген сенімнің мәнін тағы да бірге сезіну үшін жиналып отырмыз.

Түркия Республикасы күні – түрік халқының тарихындағы ең маңызды белестердің бірі. Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен, оның қаруластары және бүкіл халықтың жұмыла қатысуымен жүргізілген Ұлт-азаттық күрес – халқымыздың тәуелсіздік пен бостандыққа деген жігерін бүкіл әлемге паш еткен ұлы тарихи күрес. Ата-бабаларымыздың батылдығы мен батырлығының нәтижесін бүгін ұрпақтары көріп отырмыз. Республика күнін осындай кең ауқымда атап өтіп келеміз»,-деді.

Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов:«Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих, тамырлас тіл, рухани құндылықтар мен бауырластық байланыстар біріктіреді. Екі ел арасындағы ынтымақтастық білім, ғылым, мәдениет және экономика салаларында қарқынды дамып келеді. Оның бір дәлелі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Университетіміз екі ел арасындағы достықты нығайтып, ортақ құндылықтарымызды дәріптейтін және түркі дүниесінің білімді жастарын тоғыстыратын рухани әрі ғылыми орта ретінде қызмет етіп келеді. 

Түркия Республикасының мерекесі құтты болсын! Түрік халқына бейбітшілік, бақ-береке, тұрақтылық пен өркендеу тілейміз. Қазақстан мен Түркия арасындағы мәңгілік достық пен бауырластық байланыстар нығая берсін!»,-деді.

Құттықтау тілектерден соң аға оқытушы Эрен Акдениз  Түркия Республикасының тәуелсіздік жолындағы күресі туралы маңызды баяндама оқыды.

Салтанатты жиын одан әрі қарай арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерлі студенттеріміз түрік халқының ұлттық билерін биледі.  «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі әуезді әндерімен көпшілікке рух пен мерекелік көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, студенттер патриоттық әндер шырқап, көптің қошеметіне бөленді.

Осылайша, айтулы кеш бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, түркі халықтарының мәдени мұрасы мен рухани сабақтастығын кеңінен насихаттаған тағылымды шараға айналды.