❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ МЕН СТУДЕНТТЕРІ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ТЫҢДАДЫ

  • 28.10.2026
  • KZ
  • 68

image

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. 

Оқу ордамыздың Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов бастаған оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер дәстүрге сай Мемлекет басшысының жолдауын тікелей эфирде тыңдады.

Биылғы Жолдауда еліміздің алдағы даму бағдарлары, тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қамтылды. Мемлекет басшысы биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл толатынын атап өтіп, ел дамуының жаңа кезеңінде жүйелі реформаларды жалғастыру мен қоғам бірлігін сақтаудың маңызын жеткізді.

Президент ел экономикасының қазіргі көрсеткіштеріне тоқталып, халықаралық резервтер мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 14 пайыздан асуы экономиканы әртараптандыру бағытындағы маңызды көрсеткіш ретінде аталды.

Мемлекет басшысы әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне назар аударды. Осы бағытта Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу, медициналық, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті анықтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту міндеттері көтерілді.

Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесі де маңызды бағыттардың қатарында болды. Президент 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицит қалыптастыру міндетін белгілеп, атом энергетикасын дамыту, Балқаш атом электр станциясының құрылысы мен Мойынқұмдағы атом электр станциясы жобасына дайындық жұмыстарын жүргізу мәселелеріне тоқталды.

Көлік саласында халықаралық транзиттік әлеуетті арттыру, теміржол және автомобиль жолдарын дамыту, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту міндеттері айтылды. Сонымен қатар, ірі қалалардың даму жоспарларын жетілдіру және қалалық инфрақұрылымды жоспарлауда цифрлық технологияларды қолдану қажет екенін тілге тиек етті.

Жолдауда ауыл шаруашылығын дамыту, заманауи технологияларды пайдалану, өндіріс тиімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері де қамтылды.

Білім мен ғылым саласына қатысты міндеттер жоғары оқу орындары үшін де маңызды. Ғылыми әлеуетті арттыру, инновацияларды дамыту және заманауи талаптарға сай мамандар даярлау елдің тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Осы орайда университеттердің алдында білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау, цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу және білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту міндеттері тұр.

Мемлекет басшысы айқындаған бағыттар еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға, өңірлерді дамытуға және ғылым мен технология мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағдарланған.