❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 27.10.2026
  • KZ
  • 52

image

Оқу ордамызда «Нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру – жастар денсаулығының кепілі» тақырыбында кездесу өтті.

Шараның мақсаты – жастар арасында есірткі заттарын қолданудың алдын алу, олардың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін зиянды салдары туралы жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау. 

Басқосуды университетіміз бен «Әділет» партиясы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды. 

Кездесу барысында сала мамандары нашақорлықтың медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық зардаптары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Іс-шара жастардың өмірлік құндылықтарын нығайтуға, дұрыс таңдау жасауына және есірткіге қарсы берік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.

Жиында Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының өкілі Ақмаржан Қалмахан, «Әділет» партиясы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермахан Мырзабай, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Жансая Өміртаева, Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марат Бимаханов және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай спикер болды.

Басқосуда спикерлер АИТВ инфекциясының таралу жолдары мен одан сақтану шаралары, нашақорлықтың адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зияны, дропперліктің құқықтық салдары және жастардың психологиялық саулығы жайында кеңінен түсіндірді. 

Сонымен қатар, есірткі заттарынан аулақ болу, күмәнді ұсыныстарға ермеу, заңсыз әрекеттерге бармау және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу қажет екенін ескертті. Жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Шара барысында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ойындар ұйымдастырылды. Ойындарға белсенді қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын көрсеткен студенттерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Жиын соңында сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов:« Ертеде өте білімді, алғыр бір ғұлама өмір сүріпті. Бір күні патша оны сынамақ болып, қолына көбелек ұстап алдына келеді де: «Менің қолымдағы көбелек тірі ме, әлде өлі ме?» – деп сұрайды. Егер ғұлама тірі десе, көбелекті мыжып өлтірмек, ал өлі десе, ұшырып жібермек болады. Сонда ғұлама: «Оның бәрі өз қолыңызда», – деп жауап беріпті.

Құрметті жастар, бұл оқиғадан алар сабағымыз – өміріміздің қандай болатыны көбіне өз таңдауымызға байланысты. Жақсы адам болу, білім алып, іздену, жарқын болашаққа ұмтылу – өз қолдарыңызда. Сол сияқты теріс жолға түсу де өз таңдауларыңызға байланысты. Бірақ оның салдары ауыр болады. Сондықтан уақыттарыңызды бағалап, білім алуға, ізденуге ұмтылыңыздар», – деді.

Осылайша, университетімізде жастарға зиянды әдеттерден аулақ болудың, заң талаптарын сақтаудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіретін маңызды басқосу өтті.