❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЭПИЛЕПСИЯНЫ ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ АЯҚТАЛДЫ

  • 20.10.2026
  • KZ
  • 34

image

«Эпилепсия патогенезіндегі дәріге төзімділік механизмдерінің негізгі аспектілері: генетикалық зерттеулердің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз мәресіне жетті.

 

Шараға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Корея Республикасы, Ұлыбритания, Үндістан және Пәкістан елдерінің ғылыми және медициналық қауымдастық өкілдері қатысып, екі күн бойы тәжірибе алмасты. 

 

Конференция неврология, эпилептология, медициналық генетика және молекулалық биология салаларындағы өзекті мәселелерді қамтыды.

 

Айта кетейік, жиын AP23489425 «Түркістан облысындағы дәріге төзімді эпилепсиямен ауыратын науқастардың генетикалық профилін зерттеу» ғылыми жобасы және BR24992814 «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

 

Жиынның алғашқы күні эпилепсияны диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қатысушылар дәріге төзімді эпилепсияны ерте анықтау, дербестендірілген емдеу стратегиялары, генетикалық диагностика, фармакогеномика, сирек кездесетін аурулар және молекулалық зерттеулердің клиникалық тәжірибедегі маңызын талқылады.

 

Сондай-ақ, қатысушылар клиникалық жағдайларды талдау, нейрооңалту, генетикалық факторлар мен емдеу тактикасын оңтайландыру мәселелері бойынша ғылыми нәтижелерімен бөлісті. 

 

Ал, конференцияның екінші күні клиникалық және зертханалық бағыттағы практикалық сабақтармен жалғасты. Шеберлік сабақтар университетіміздің Клиника-диагностикалық орталығының оңалту бөлімі мен Yasawi академиялық және зерттеу үстемдігі орталығында өтті.

 

Клиникалық шеберлік сабақтары аясында қатысушылар эпилепсияны диагностикалау, емдеу және оңалту мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар, дәріге төзімді эпилепсияның клиникалық ерекшеліктерін, науқастарды емдеу барысында ескерілетін маңызды мәселелерді ортаға салды. 

 

Зертханалық және зерттеу шеберлік сабақтары молекулалық-генетикалық зерттеулердің негізгі кезеңдерін қамтыды. Алдымен қатысушылар зертхананың ғылыми мүмкіндіктерімен танысты. Кейін, ДНҚ-ны бөліп алу, оның концентрациясын анықтау және сапасы мен тұтастығын бағалау әдістері, сондай-ақ, микробиологиялық зертхананың жұмысы мен диагностикалық мүмкіндіктері туралы сөз болды.

 

Екі күнге созылған халықаралық ғылыми жиын дәріге төзімді эпилепсияның клиникалық және генетикалық ерекшеліктерін тереңірек зерделеуге, заманауи диагностикалық және зерттеу әдістерін талқылауға, сондай-ақ отандық және шетелдік мамандар арасындағы ғылыми тәжірибе алмасуды дамытуға мүмкіндік берді.