❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«КІТАПТАН – ОЙҒА, ОЙДАН – ӘРЕКЕТКЕ» АТТЫ ӘДЕБИ-ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

  • 20.10.2026
  • KZ
  • 69

image

Университетімізде «Кітаптан – ойға, ойдан – әрекетке» атты әдеби-интеллектуалдық рухани кеш өтті. Жиынды «Кітап оқитын ұлт – зерделі ұлт» жобасы аясында кітапхана ұжымы мен Жастар саясаты департаменті бірлесе ұйымдастырды.

Рухани кештің мақсаты – кітап оқудың адам ой-өрісін кеңейтудегі маңызын насихаттау, қатысушылардың оқыған шығармаларынан түйген ойларын ортаға салуына мүмкіндік беру және кітаптан алған тағылымды күнделікті өмірде игі әрекетпен байланыстыру.

Жиында, ең алдымен, модератор болған кітапханашы Аружан Қожахмет қатысушыларды викториналық ойынның ережелерімен таныстырып, кітаптан алған білім мен тағылымды күнделікті өмірде тиімді қолданудың маңызын атап өтті.

Кеш барысында студенттер «Менің кітап әлемім» тақтасы, «Ойлы оқырман» викторинасы, «Кітаптан – ойға» топтық жұмысы, «Ой қоржыны», «Оқырмандық уәде» және «Зерделі оқырманның әрекет картасы» кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті. Әр кезең қатысушылардың кітап оқу арқылы қалыптасқан танымын, ой қорыту қабілетін және шығармашылық көзқарасын танытуға бағытталды.

Интеллектуалдық сайыс барысында университет жастары оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөлісіп, туындылардағы негізгі ойлар мен өмірлік құндылықтарды талқылады. Топтық тапсырмалар арқылы өзара пікір алмасып, кітаптан түйген ойларын нақты әрекетпен байланыстыруға мүмкіндік алды.

Шара соңында модератор кітаптың адам дүниетанымын кеңейтіп, ойды дамытатын және пайдалы іске жетелейтін рухани құрал екенін атап өтті. Кеш «Оқитын ұлт – ойлайтын ұлт, ойлайтын ұлт – әрекетшіл ұлт!» ортақ ұранымен қорытындыланып, белсенді қатысқан студенттерге кітапхана ұжымы атынан сый-сияпат табысталды.

Әдеби-интеллектуалдық кеш жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруға және оқыған дүниесінен ой түйіп, оны өмірде қолдана білуге бағытталған мазмұнды басқосу болды.