Оқу ордамыздың Заң факультетінің студенттері «Жас Ғалым – 2026» халықаралық жас ғалымдардың ғылыми жобалар байқауында жүлдегер атанды.
«Жас Ғалым – 2026» – студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға, үздік ғылыми идеяларды халықаралық деңгейде таныстыруға және жас зерттеушілер арасында академиялық байланыстарды қалыптастыруға бағытталған халықаралық ғылыми байқау.
Айтулы білім додасында Құқықтану мамандығының 1-курс студенттері Алтынай Абдуллаева мен Нұрайым Кенжебекқызы ІІ орынға ие болды. Студенттердің ғылыми жетекшісі – Заң факультеті Конституциялық құқық және азаматтық құқық кафедрасының оқытушысы Камила Утеғалиева.
Байқау аясында әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, құқық, экономика, IT және жасанды интеллект, медицина, жаратылыстану ғылымдары, білім беру, мәдениет пен өнер және басқа да бағыттар бойынша ғылыми жобалар ұсынылды.
Айта кетейік, қатысушылардың ғылыми жұмыстары халықаралық ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құралған академиялық сарапшылар кеңесі тарапынан бағаланды. Сараптама барысында зерттеулердің өзектілігі, жаңашылдығы мен ғылыми деңгейі, әдістемесі және практикалық маңызы ескерілді.
Жас зерттеушілерімізді халықаралық байқаудағы жетістіктерімен құттықтап, ғылым жолында толағай табыстар тілейміз!