❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ: ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ЖАСТАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

  • 20.10.2026
  • KZ
  • 88

image

Оқу ордамызда 25 қазан – Республика күніне орай «Қазақстан мемлекеттілігі: тарихи сабақтастық, конституциялық құндылықтар және жастар жауапкершілігі» тақырыбында студенттер арасында ғылыми конференция өтті. 
 

Жиынның мақсаты – студенттердің ғылыми белсенділігін арттыру, кәсіби тәжірибе алмасу. Сондай-ақ, ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандарды қалыптастыру.
 

Ғылыми конференцияны Медицина факультеті мен Стоматология факультеті бірлесе ұйымдастырды.
 

Конференцияға «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының мүшесі Марат Найзабеков, Түркістан облысы Әділет департаменті Құқықтық қызмет көрсету жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Индира Абдурахманова, Түркістан облысы Әділет департаментінің инспекторы Жармахан Сапаров, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты. 
 

Жиынды ашып берген Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп», «Әділетті Қазақстан», «Толық адам», «Адал азамат» концепцияларына тоқталды. Ол кез келген мемлекеттің мәңгілігі конституциялық құндылықтарды, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтауға негізделетінін айтты. Университет қабырғасында азаматтық көзқарас пен қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті.
 

Жиынның негізгі бөлімінде студенттер «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы және Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі», «Қазақ хандығындағы емшілік өнері және Алаш зиялыларының денсаулық сақтау саласындағы бастамалары», «Мемлекеттік және медициналық құқық, заң алдындағы кәсіби жауапкершілік», «Қазақстан жастары – мемлекеттің стратегиялық ресурсы» сынды өзекті тақырыптар бойынша баяндама оқыды. 
 

Сонымен қатар, студенттер медицина саласындағы құқық пен жауапкершілікті насихаттайтын «Саналы азамат» платформасын таныстырып, тақырып аясында арнайы бейнеролик ұсынды.
 

Ғылыми конференция мемлекеттілікті нығайту, конституциялық құндылықтарды дәріптеу және заңға құрмет қалыптастыру идеяларын қамтып, патриоттық рухтағы «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.
 

Осылайша, студенттер тарихи сабақтастықты, құқықтық мәдениет пен жастардың азаматтық жауапкершілігін медицина саласымен ұштастыра отырып, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.