«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ: ЕГЕМЕНДІК, ДАМУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Университетімізде 25 қазан – Республика күніне орай «Қазақстан Республикасы: егемендік даму және жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынды Жаратылыстану ғылымдары факультеті мен Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті бірлесе ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Дөңгелек үстелді Биология кафедрасының оқытушысы Сәттібай Айтбаев жүргізді.
Жиында алғашқы сөз тізгінін алған химия ғылымдарының докторы, физик Мейірбек Түйебаев егемендік, даму және жаңғыру ұғымдарының маңызына тоқталды.
Ғалым жиында Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарын сөз етіп, «Қазақстан–2030» және «Қазақстан–2050» стратегиялары мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының елдің саяси-экономикалық дамуы мен жаңғыруындағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар, Қазақстанның егемендік тарихындағы маңызды даталарына тоқталды.
Сондай-ақ, студенттердің басты міндеті – сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан дамумен қатар, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және алған білімін ел игілігіне жұмсау екенін атап өтті.
Баяндама соңында спикер студенттерге тақырып аясында сұрақтар қойып, олардың ой-пікірлерін тыңдады.
Тарих кафедрасының оқытушысы, PhD, доцент Бақдаулет Сыздықов «Терең тарихтан жарқын болашаққа» идеясын негізге алған баяндамасында көне Түркістанның тарихи-мәдени және рухани маңызына, туған өлкенің бай мұрасын тануға тоқталып, университеттің қалыптасу тарихы мен білім беру кеңістігіндегі орнына назар аударды.
Дөңгелек үстел студенттердің ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Басқосу барысында Қазақстанның егемендік тарихы, тәуелсіздік жетістіктері, мемлекеттік даму бағдарлары, рухани жаңғыру және ұлттық құндылықтардың сабақтастығы талқыланып, қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Осылайша, жиын жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңына айналды.