❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«МӘУЕРЕННАХРДАН АНАДОЛЫҒА ДЕЙІНГІ ИСЛАМ ҒҰЛАМАЛАРЫ: БІЛІМ МЕН ХИКМЕТТІҢ ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН» АТТЫ III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 16.10.2026
  • KZ
  • 55

image

Университетімізде «Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі ислам ғұламалары: Білім мен хикметтің тоғысындағы Түркістан» атты III халықаралық ғылыми симпозиум өз мәресіне жетті.

Симпозиум аясында өткен Пленарлық отырысқа белгілі ғалымдар: Досай Кенжетай, Айгүн Йылмаз Узунөз, Окан Узунөз, Хатиже Төксөз, Фериде Камалова, Мехмет Саит Топрак, Армаған Атар, Мехмет Эмин Өзафшар қатысты.

Жиында спикерлер  «Ортағасырлық ислам географиялық әдебиетінде кеңістіктің құрастырылуы: әл-Идриси, Ибн Хордазбех және «Худуд-ул Аләм» еңбектеріндегі Түркістан», «Түркістаннан Бағдатқа дейінгі философиялық ойдың қалыптасуы: әл-Фараби мен Ибн Сина ойларының ықпалы», «Мәуереннахрдан Анадолыға дейін: Түркістанның киелі географиясы және Ясауидің рухани кеңістігі», «Түркістан өңіріндегі хикмет дәстүрі: әл-Фараби, Матуриди және Қожа Ахмет Ясауи», «Түркістан мен түркі мұратының рухани негіздері: әл-Фараби мысалы немесе хадис философиясының мүмкіндігі» сияқты өзге де тың тақырыптарды көтерді.

Жиында ислам ғұламаларының ғылыми-философиялық мұрасы, Түркістанның рухани-тарихи кеңістігі және Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі зияткерлік сабақтастық мәселелері талқыланды. Баяндамалар түркі-ислам өркениетінің қалыптасуындағы білім мен хикмет дәстүрінің маңызын тереңірек зерделеуге бағытталды.

Келесі кезекте, симпозиум аясында онлайн және офлайн форматта секциялық отырыстар өтті.
Симпозиум аясында офлайн форматта алты секциялық отырыс ұйымдастырылды. Олар: «Түркістанның хикмет дәстүрі және ясауилік», «Тәпсір, тіл және герменевтика», «Мәуереннахрдағы хадис дәстүрі және мухаддистер», «Түркістандағы хадис, сүннет, зуһд және хикмет», «Түркістандағы хикмет, фиқһ, кәләм және мәзһабтар», «Түркістандағы хикмет және ахлақ» тақырыптарына арналды.

Секциялар барысында ғалымдар ислам өркениетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ойшылдардың мұрасын, Қожа Ахмет Ясауи ілімінің рухани-философиялық маңызын, Мәуереннахр мен Түркістандағы хадис және тәпсір дәстүрлерін, ханафи фиқһ мектебі мен матуридилік танымның ерекшеліктерін талқылады. Сонымен қатар, түркі-ислам дүниесіндегі білім мен хикмет сабақтастығы, діни-этикалық құндылықтар және олардың қазіргі қоғамдағы маңызы жөнінде ғылыми пікірлерін ортаға салды.

Онлайн форматтағы бес секциялық отырыста: «Түркістан ұғымы, хикмет және философия», «Тәпсір және матуридилік», «Түркістандағы хадис және хадистану», «Әдебиет, сопылық және тіл», «Фиқһ, білім беру және ахлақ» бағыттары бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылды.

Талқылауларда әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және өзге де ислам ғұламаларының философиялық әрі рухани мұрасы, Түркістан мен Мәуереннахрдағы хадис, тәпсір және фиқһ ғылымдарының даму тарихы, матуридилік ілімнің ерекшеліктері қарастырылды. Сонымен қатар, ғалымдар сопылық әдебиет пен тілдің байланысына, түркі-ислам өркениетіндегі білім беру дәстүрлері мен моральдық-этикалық құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы маңызына назар аударды.

Симпозиум қорытындысы бойынша ғалымдар 80-ге жуық ғылыми баяндама оқыды. Жиында ислам өркениетінің ғылыми-философиялық мұрасы, Түркістанның рухани-тарихи орны және түркі-ислам дүниесіндегі білім мен хикмет дәстүрінің сабақтастығы жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Халықаралық симпозиум Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі ортақ зияткерлік мұраны кешенді зерттеуге, Қожа Ахмет Ясауи мен өзге де ислам ғұламаларының ілімін ғылыми тұрғыдан тереңірек тануға және осы бағыттағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға негіз болды.