❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ФАКУЛЬТЕТАРАЛЫҚ ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

  • 05.10.2026
  • KZ
  • 128

image

Оқу ордамызда студенттер арасындағы факультетаралық дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Спорттық дода биыл XXXV рет ұйымдастырылып отыр.


Жарыстың мақсаты – факультеттер арасындағы достықты нығайту, студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру.


Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Университетіміздің студенттері білім алумен қатар, түрлі спорттық додаға түсіп, шынығады. Біз жастарға бәсекеге қабілетті болуды насихаттаудан жалықпаймыз. Әрине, факультеттер арасындағы тартыста маңыздысы –  бәйге алу емес, сол жолға жетуде командалардың бір мақсатқа ұмтылуы. Бұл – кез-келген жеңістен жоғары. Сіздерді ғылым, білім саласында және өнер мен спортта биіктен көргіміз келеді»,-деді.


Сондай-ақ, Спорт факультетінің деканы Бағлан Ермаханов қатысушыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірген Спорт-сауықтыру орталығына, декандар мен декан орынбасарларына, белсенді студенттерге алғыс айтты.


Спартакиада аясында командалар эстафеталық ойындар, футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, қол күресі, үстел теннисі, ату спорты, шахмат және арқан тарту сынды спорт түрінен өзара бақ сынайды.


Бүгін факультеттер «Эстафета» бойынша жарысып жатыр. Ертең кіші футболдан тартысқа түседі.


Айта кетейік, спартакиада Спорт-сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен 5 қазан және 12 қараша күндері аралығында өтеді.