❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ҚАЗАҚ ТІЛІ-ҒЫЛЫМ ТІЛІ: DIGITAL QAZAQSTAN ДӘУІРІНДЕ ҒЫЛЫМИ ТРАНСФОРМАЦИЯ»: ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫНЫҢ СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

  • 28.09.2026
  • KZ
  • 109

image
 
Университетімізде «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Kazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» атты симпозиумның секциялық отырыстары басталды. Симпозиум 6 бағыт бойынша оқу ордамыздың белгілі нысандарында өтіп жатыр.
 
Секциялық отырыстардың алғашқы бөлімінің негізгі тақырыптары: «Іргелі және қолданбалы тіл білімі: Цифрлық трансформация және жасанды интеллект кеңістігіндегі қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудағы жасанды интеллект мүмкіндіктері», «Жаратылыстану және техникалық ғылымдардың ұлттық ғылыми кеңістігі: ғылыми коммуникация, цифрландыру және жасанды интеллект» және «Жаңа Конституция: Қазақ тіліндегі құқықтық дискурс, ғылыми жаряланымдар және цифрлық трансформация», «Цифрландыру дәуіріндегі қазақ өнері: дәстүрді сақтау және дамытудың жаңа формалары», «Мекемтас Мырзахметұлы және қазақ руханияты: әдебиеттану және Абайтану мәселелері».
 
Аталған секциялардың модераторлары қатарында: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл -Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ бас директоры Мақпал Жұмабай, университетіміздің Өкілетті кеңес мүшесі, академик Дархан Қыдырәлі, Заң факультетінің деканы Әлия Қасымбек, Компьютерлік инженерия кафедрасының доцент м.а. Нұрсейт Жүнісов бар.
 
Бүгін 6 бағыт бойынша ұйымдастырылған секциялық отырыстың алғашқы бөліміне 120-дан астам баяндамашы қатысты. Олардың қатарында оқу ордамыздың, еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындардың және шетелдік университеттердің, сондай-ақ колледждер, институттар мен түрлі мекемелердің жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілері бар. Сонымен қатар, секциялық отырыстарға вице-ректорлар, декандар мен басылым редакторлары қатысты.
 
Үшінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық симпозиумның маңызы айрықша. Басқосу ғалымдарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, ғылым мен білімді дамытып, Digital Kazakhstan дәуірінде ғылыми трансформация қалыптастыруға негіз болмақ.
 
Сондықтан жиынға қатысушылар секциялар тақырыптары аясында баяндамаларын ұсынып, өзара тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, ғылыми бағыттағы жаңа жобалар мен бастамаларды ортаға салуда.
 
Айта кетейік, ертең секциялық отырыстардың екінші бөлімі жалғасады. Сондай-а,қ симпозиум аясында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылады.