❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫ: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 17.09.2026
  • KZ
  • 58

image

Университетімізде Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Ахмет Ясауи мұрасы: ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында ғылыми семинар өтті.

Семинардың мақсаты – түркі халықтарының рухани көшбасшысы, сопылық мектептің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің бай рухани-әдеби мұрасын зерделеу, ұлттық құндылықтар мен имандылық тәрбиесін дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Ғылыми жиында Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор (доцент) м.а. Бауыржан Сайфунов баяндама оқыды. Ол Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының ұлттық құндылықтары мен дүниетанымын қалыптастырудағы орны, сондай-ақ жазбаша мұраларының тарихи, рухани және тәрбиелік маңызын ғылыми тұрғыдан талдады.

Атап айтқанда, «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») еңбегінің мазмұны мен көне түркі тіліндегі тілдік ерекшеліктеріне тоқталып, шығармада көрініс тапқан адамгершілік құндылықтарының түркі халықтарының рухани дүниетанымын қалыптастырудағы рөлін атап өтті.  

Сондай-ақ, Ясауи жолының моральдық-этикалық негіздерін танытатын «Пақырнама», «Тариқат әдебі», «Қырық мақам» сияқты өзге де еңбектердегі рухани тәрбие мен адамгершілік ұстанымдарына тоқталды. «Мират-ул қулуб» («Көңілдің айнасы») шығармасындағы адамның ішкі жан дүниесі, жүрек тазалығы және рухани кемелдікке жету мәселелерін де қамтыды.

Жиын барысында Ясауи ілімінің Түркістан өңірінен бастау алып, Орталық Азия, Еділ бойы, Кавказ, Анадолы және Балқан түбегіне дейін таралуы мен оның түркі халықтарының рухани-мәдени кеңістігіне ықпалы сөз болды.

Ғылыми семинарға ұлы ойшылдың «Хақтың жолы – ғылым жолы, халыққа адал қызмет – Хаққа ұлы құлшылық» деген тағылымды сөзі негіз болды. Жиында ғылым мен білімге, елге адал қызмет ету мен рухани кемелдікке ұмтылудың өзара сабақтастығы жөнінде ой қозғалды.  Ғалымдар жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтап, жастардың бойында рухани құндылықтар мен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда Ясауи мұрасын зерттеудің маңызы туралы кеңінен айтты.


Осылайша, қатысушылар Ясауи мұрасын бүгінгі ғылым мен білім беру жүйесінде зерделеп, оның рухани тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелерін саралады.

Ғылыми семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, институционалдық ясауитану бағытындағы жаңа зерттеулер мен болашақ ғылыми жобаларды талқылады.