❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«АЛТЫН ОРДА: ДАЛА ИМПЕРИЯСЫ ӘЛЕМДІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТІ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

  • 14.09.2026
  • KZ
  • 53

image

Бүгін университет кітапханасында танымал француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын Орда: Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының таныстырылымы өтті.

Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жарғысына сәйкес еліміздің стратегиялық бастамаларын іске асыру. Сондай-ақ Алтын орда тарихын ұлықтау әрі тарихшылардың тың туындысын студенттерге таныту.

Шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен Steppe & World Publishing баспа үйі, Қазақстан Республикасындағы Франция Елшілігі мен университетіміз бірлесе ұйымдастырды.

Айта кетейік, француз тарихшысы Мари Фавероның «The Horde: How the Mongols Changed the World» еңбегі ағылшын тілінде 2021 жылы жарық көрді. Әлемнің 15 тіліне аударылған кітап биыл «Алтын Орда» конференциясы аясында қазақ оқырмандарына жол тартты. Тарихи туындыны қазақ тіліне аударған – Назгүл Қожабек пен «Steppe & World Publishing» баспасы ұжымы.  

Жиынға кітап авторы, ғалым Мари Фаверо және белгілі баспагер Раиса Сайран Қадыр, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, кітапхана ұжымы мен университет тарихшылары, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен студенттер қатысты.  

Тағылымды кездесуде Мари Фаверо, ең алдымен, «Алтын Орда: Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының жазылу барысын таныстырды. Сонымен қатар, өзінің төл туындысына қатысты лекция оқыды.

Кітап авторы Жошы Ұлысын зерттеу тарихын кезең-кезеңге бөліп, тың деректерді пайдалану, жаңа ақпаратпен толықтыру жұмыстарын 20 жыл бойы жинақтағанын баяндады.

Ғалым кітап жазу барысында араб, түркі, орыс, көне итальян, латын және парсы тілдеріндегі жазба деректерін, археологиялық зерттеу нәтижелерін кешенді пайдаланғанын атап өтті. Автор еңбегінде Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны мен рөлін жан-жақты зерделеген. Сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды қамтыған.

Ақпараттық танымдық кездесу соңында тарихшылар мен ақсақалдар Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеудің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұған қоса ғалымның кітап жазудағы табандылығына алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Одан әрі Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов университет ұжымы атынан келген қонақтарға сый-сияпат табыстады. Ал, ғалым Мари Фаверо мен баспагер Раиса Сайран Қадыр кітапхана қорына «Алтын Орда: Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабын тарту етті.

Жиын аяқталған соң, қонақтар университетіміздің бай кітапханасымен танысты. Әрі Мәдениет үйіндегі Түркі халықтарының тарихы панорамалық мұражайын тамашалады.