❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

БАКУДЕ АЛТАЙ ҚАУЫМДАСТЫҚТАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

  • 14.09.2026
  • KZ
  • 116

image

9–12 қыркүйек аралығында Әзербайжан Республикасының астанасы — Баку қаласында Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен Алтай қауымдастықтарының XIV халықаралық симпозиумы өтті. Халықаралық ғылыми басқосу Бірінші халықаралық түркологиялық конгрестің 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылып, «Алтайтанудың өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбына арналды. Симпозиумның ғылыми бағдарламасы Алтай қауымдастықтарының тарихы мен мәдениеті, тілдері, өркениеттік мұрасы, түркі әлемінің ғылыми-зерттеу бағыттары және алтайтанудың қазіргі заманғы даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелерді қамтиды.

Халықаралық симпозиумға әлемнің 15 елінен — Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Үндістан, Қытай, Жапония, Солтүстік Македония, Венгрия, Германия және Ресей Федерациясынан 110 ғалым қатысуда. Ғалымдар мен зерттеушілер алтайтану саласындағы ғылыми ізденістерін ортаға салып, өзара тәжірибе және ғылыми пікір алмасты. Симпозиум жұмысына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің деканы, ғылым кандидаты, доцент Э.У. Зулпыхарова да қатысып, ғылыми баяндама жасады. Факультет деканының халықаралық ғылыми симпозиум жұмысына қатысуы — университетіміздің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға, шетелдік ғалымдармен ғылыми байланыстарды нығайтуға және білім беру мен гуманитарлық ғылымдар саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Симпозиум аясында Э.У. Зулпыхароваға халықаралық ғылыми іс-шараға белсенді қатысқаны үшін сертификат табысталды. Бұл сертификат факультет деканының ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді араласуын және халықаралық ғылыми қауымдастықпен кәсіби байланысын айқындайтын маңызды жетістік болып табылады.

Халықаралық симпозиум аясындағы ғылыми пікір алмасулар мен кездесулер алтайтану, түркология және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы жаңа зерттеулерді дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық әріптестікті одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады. 

Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті Э.У. Зулпыхарованы халықаралық ғылыми симпозиумға қатысып, ғылыми баяндама жасауы және сертификатқа ие болуымен құттықтайды! Ғылыми еңбектеріне толағай табыс, жаңа зерттеу жетістіктері мен халықаралық ғылыми жобаларда сәттілік тілейміз!