❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ФАКУЛЬТЕТТЕРДЕ 1-КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 01.09.2026
  • KZ
  • 77

image

Университетімізде жаңа оқу жылының басталуына орай, барлық факультетте 1-курс білімгерлеріне арналған кездесу өтті.

Факультеттер өз кампусында 1-курс студенттерін қарсы алып, білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. 

Әр факультет ең алдымен, факультет басшылығы мен өз ұжымын таныстырды. 2026-2027 оқу жылындағы оқу бағдарламасы мен іс-шаралар жоспарын бөлісті.

Кездесу барысында факультеттің декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, оқытушылары мен ғалымдары сөз сөйледі. Олар студенттердің университетте білім алумен қатар, шығармашылық бағыттағы жұмыстарға етене араласуына, ғылыммен және START-UP жобаларымен айналысып, конференцияларға қатысуына толық жағдай жасалғанын атап өтті. 

Әр факультеттің белсенді студенттері де оқу ордамызда Жастар департаменті, Жастар орталығы, Шаңырақ клубтар координациясы, спорт, ән, би т.б. үйірмелері  жұмыс істейтінін жеткізді. Онда жаңа орта табуға, студенттік өмірді жарқын өткізуге болатынын айтты. Сондай-ақ, студенттерге оқу ордасында білім алуда үлкен жауапкершілік танытып, мол мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді. 

Айта кетейік, университет – екі мемлекеттің келісімі негізінде құрылған халықаралық мәртебеге ие жоғары оқу орны болғандықтан, Түркияның көптеген жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс бар. Студенттеріміздің Erasmus, Orhun және басқа да академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелде білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Оқу ордамызда әлемнің 22 елінен келген жастар білім алуда.

Сондықтан, факультет ұжымы білім алушыларды Ясауи университетінің студенті деген атқа лайық болуға шақырды. 

Кездесу соңында оқу орнының басшылық құрамы бірінші курс студенттеріне жаңа оқу жылы сәтті басталсын деп тіледі. Ал, студенттер болса университеттің бай кітапханасын, Мәдениет орталығын, оқу ғимараттары мен кең әрі заманауи аудиторияларын көріп, алғашқы күннен бастап, оқу орнына бейімделе түсті.

Білім күнінің тағы бір маңызды бөлімі – факультеттердің 1-4 курс студенттері үшін «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі» тақырыбында танымдық дәріс ұйымдастыруы. 

Дәріс барысында студенттер еліміздің басты құқықтық құжатының маңызы мен құндылықтарын түсінді.