ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК
Қазақтың ақиық ақыны, поэзия әлемінің жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Дайындық орталығында Қазақ, орыс тілдері бөлімінің ұйымдастыруымен «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші өтті.
Кештің басты мақсаты – тыңдаушыларды Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, туған жер, туған тіл, адамгершілік, табиғат пен сұлулық тақырыбындағы өлеңдері арқылы жастардың бойына отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерді сіңіру болды.
Әдеби кеште ақынның өмірі мен мол мұрасы жайлы баяндама оқылып, оның сырлы жырлары қазақ және түркі дүниесінен келген тыңдаушылардың орындауында көркем оқылды. Сонымен қатар Мұқағалидың шығармашылығына арналған көріністер қойылып, «Махаббат диалогы» драмалық қойылымы сахналанды.
Ақын өлеңдеріне жазылған «Бақыт деген» және басқа да әндер орындалып, кеш соңында барлық қатысушылар Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың!» әнін хор болып шырқады
Түркия Республикасы мен Қырғызстаннан келген тыңдаушылардың қазақ тілінде Мұқағали жырларын жатқа оқуы кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі болды. Бұл олардың қазақ тілін меңгеруге деген ынтасын ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген зор құрметін де айқын көрсетті
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар орталық директорының алғыс хаттарымен марапатталды.
Мұқағали поэзиясы – ұлт руханиятының мәңгілік қазынасы. Оның жырлары уақыт өткен сайын өз құндылығын арттырып, жаңа буынның жүрегінен орын ала бермек.