Хабарландырулар

shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ИННОВАЦИЯ МЕН ТІЛ: ТҮРКІ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРГЕН КҮШ

Дайындық орталығында Қазақ, орыс тілдері бөлімінің ұйымдастыруымен «Инновация мен тіл: түркі жастарын біріктірген күш» атты ашық сабақ жоғары деңгейде өткізілді.

Ашық сабақтың басты мақсаты – түркі халықтарынан келген тыңдаушылардың қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіру, ортақ тілдік және мәдени құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ инновациялық білім беру технологиялары арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін көрсету болды.

 Сабақ театрландырылған көрініспен басталып, Түркістан қаласына келген түркі жастарының алғашқы әсері, қазақы қонақжайлық, жатақханадағы өмірі мен студенттік ортасы көркем түрде бейнеленді. Тыңдаушылар қазақ тілінде күнделікті өмірлік жағдаяттарды еркін қолданып, сөйлеу мәдениеттерін көрсетті.

 «Дүкенде» тақырыбындағы жағдаяттық диалог барысында Қожа Ахмет Ясауи университетінің ботаникалық бағында өсірілген жемістерден дайындалған инновациялық өнімдер таныстырылып, ғылым мен кәсіпкерліктің байланысы дәріптелді. Бұл көрініс тілдік қатысыммен қатар, еліміздегі ғылыми жетістіктерді насихаттауға бағытталды.

 Ашық сабақ барысында электронды оқулықтың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылып, тыңдалым тапсырмалары, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, электронды грамматика және «Көбелектің отбасы» ертегісі арқылы есімдіктерді меңгерту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар түркі халықтарына ортақ сөздер мен мәдени мұралар жайлы пікір алмасу ұйымдастырылып, домбыраның түркі дүниесін біріктіретін ортақ рухани құндылық екені жан-жақты көрсетілді.

 Тыңдаушылар қазақ әндерін орындап, шығармашылық қабілеттерін паш етсе, әзілге құрылған КВН (Жайдарман) бағдарламасы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында барлық қатысушылар «Түркістанда ту тігіп» әнін бірге орындап, түркі халықтарының достығы мен бірлігін дәріптеді.

 Ашық сабақ түркі жастарының қазақ тілін туыс тіл ретінде меңгеруге деген қызығушылығын арттырып, ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Сонымен қатар электронды оқулықтың білім беру үдерісіндегі тиімділігі мен тіл үйретудегі инновациялық мүмкіндіктерін айқын көрсетті.