shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

Жаңа оқу құралының тұсаукесері өтті

2026 жылғы 24 қыркүйекте Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетінің 3-ғимаратында Тарих кафедрасының аға оқытушысы, PhD Райгүл Хазретәліқызының «Қазақстанның қазіргі заман тарихын оқытуда шетелдік архив деректерін пайдалану» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Іс-шараны Тарих кафедрасының доценті Қ. Базарбаев жүргізді. Факультет деканы Э. У. Зулпыхарова оқу құралының тұсаукесер рәсімін өткізіп, символикалық түрде лентасын қиды. Жиынға кафедра оқытушылары мен білім алушылар қатысты.

Жаңа оқу құралы ғылыми ізденіс нәтижелерін білім беру үдерісімен ұштастыруға бағытталған. Еңбекте Қазақстанның қазіргі заман тарихын оқыту барысында шетелдік архив деректерін тиімді пайдалану мәселелері қарастырылады. Шетел архивтеріндегі құжаттарды оқу үдерісіне енгізу тарихи білімнің деректік аясын кеңейтіп, тарихи оқиғалар мен үдерістерді жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.

Архив құжаттарымен жұмыс істеу білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әртүрлі деректерді салыстырып, талдау арқылы білім алушылардың дербес іздену, тарихи ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және нақты дәлелдер негізінде тұжырым жасау қабілеттері дамиды.

Тұсаукесер барысында оқу құралының мазмұны мен ғылыми-әдістемелік маңызы таныстырылып, оның білім алушылардың тарихи деректермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірудегі мүмкіндіктері атап өтілді.

Іс-шара соңында оқу құралының авторы Райгүл Хазретәліқызы білім алушыларға өз еңбегін сыйға тартты.